«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ақтөбелік кәсіпкерлер салық төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін алады

2024 жылғы 14 Мамыр
- Ақтөбе облысы
5339 просмотров

Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге салық төлемдерін және кейінге қалдыру және салықтар бойынша есепті кейін тапсыру мүмкіндігі беріледі.

 Облыста кәсібі су тасқынынан бүлінген кәсіпкерлермен кездесулер легі жалғасып жатыр.  Бүгін Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасында Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, су тасқыны салдарынан бизнесіне залал тиген кәсіпкерлерге салықты кейінге қалдыру жөнінде түсіндірусеминары ұйымдастырылды. Кездесуге Кәсіпкерлік басқармасының өкілдері де қатысты.

 ҚР Қаржы министрлігі Су тасқынынан зардап шеккен салық төлеушілерге бірқатар жеңілдік және төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігін беретін 2024 жылғы 17 сәуірдегі № 219 бұйрықты қабылдады. Осы бұйрыққа сәйкес су тасқынынан зардап шеккендердің тізіміне енгізілген салық төлеушілерге жергілікті атқарушы органдар (әкімдіктер) мынадай жеңілдіктер беретін болады:

2024 жылдың 1 шілдесіне дейін малықтар мен әлеуметтік төлемдерді кейінге қалдыру.

Салық есептілігін тапсыру мерзімдерін 2024 жылғы 1 шілдеге ауыстыру.

2024 жылғы 1 шілдеге дейін салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу және салықтық тексерулерді тағайындауды тоқтата тұру.

2024 жылғы 1 наурыздан 1 шілдеге дейінгі кезеңге өсімпұл есептемеу.

«Тағы да еске салсақ, жергілікті әкімдіктер су тасқынынан зардап шеккендердің тізімін жасайды. Сол тізімдегі салық төлеушілер үшін салық бойынша жеңілдіктер қолжетімді. Салық есептілігі формасын тапсыру мәселелері бойынша Мемлекеттік кірістер органдарына жүгінудің қажеті жоқ. Су тасқынынан зардап шеккендердің қаржылық есептілігі бойынша кейстер автоматты режимде пысықталатын болады. Сіз акт қорытындысы бойынша өтініш беруіңіз керек. Барлық комиссиялық тексеру мен қорытындылардан кейін әкімдіктер компаниялардың деректерін енгізеді», - деп атап өтті облыс МКД түсіндіру жұмысы басқармасының басшысы Дария Балгарина.

Қазіргі кезде Ақтөбе облысы бойынша апат салдарынан 185 кәсіпкерлік субъекті суда қалды, соның ішінде 61-і Ақтөбе қаласы бойынша шығынға ұшырады. Негізгі үлес АӨК және сауда салаларындағы кәсіпорындарға тиесілі. Бизнес өкілдерінің ақпараты бойынша залалдың алдын ала сомасы шамамен 3,9 млрд теңгені құрайды. Залалдың нақты мөлшері бағалау жүргізілгеннен кейін анықталады.

«Біз Шұғыла балалар сауықтыру лагері ретінде жұмыс істейміз. Ол Украинка кентінде Қарғала өзенінің жағасында орналасқан. Су тасқыны кезінде барлық ғимарат 1,5 метрге суға кетті. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын өз күшімізбен жасап жатырмыз. Өйткені біз маусымға үлгергіміз келеді. Кәсіп табысымыз ғой. Біз сондай-ақ мемлекеттің өтеуі, жеңілдіктерді алуға үміттенеміз. Қазір мүлік және ғимараттар бойынша залалды сарапшы-бағалаушылар бөлек есептеп жатыр», - деп бөлісті кәсіпкер Қанат Жадрасынов.

Кәсіпкерлердің шығындарын өтеу жөніндегі мәселені өңірлік комиссия аудандық комиссиялар мен бағалау компанияларының қорытындылары негізінде қарайтын болады.

Қазіргі кезде Ақтөбе қаласы аудандарының шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тексеру жөніндегі комиссиялар бизнес объектілерін аралап жүр. Бүгінгі күнге дейін Ақтөбе қаласының Алматы ауданы бойынша 38 бизнес субъекті тексерілді (шығу қорытындысы бойынша залалдың алдын ала сомасы 906,7 млн. тг.). Ақтөбе қаласы Астана ауданы бойынша 7 бизнес субъекті тексерілді (аралау қорытындысы  бойынша залалдың алдын ала сомасы 187 млн.тг.).

 Сондай-ақ, ҰКП сыртқы сауда палатасынан  форс-мажор туралы куәлікті тегін негізде беру туралы шешім қабылдады. Өз кезегінде «Атамекен» өңірлік палатасының қызметкерлері кәсіпкерлерге консультация беріп, сондай-ақ барлық комиссиялардың құрамында жұмыс істейді.

Ақпарат пен консультацияны ӨКП-дағы мына байланыс нөмірі бойынша алуға болады: +7 702 567 8011.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер