«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада жұмыс берушілер күні өтті

2022 жылғы 15 Қараша
- Астана қаласы
6204 просмотров

Астана қаласы «ASTANA POLYTECHNIC» жоғарғы колледжінің алаңында өткен басқосудың өзекті тақырыбы дуалды білім беру жүйесін кеңейту болды. Елордада бұл білім беру жүйесін дамытуға 192 кәсіпорын жұмылдырылған.

Бүгін Астана колледждерінде жұмыс берушілер күні аталып өтті. Жиын Астана қаласы «ASTANA POLYTECHNIC» жоғарғы колледжінің алаңында ҚР Оқу-ағарту  министрі Асхат Айтмағамбетовтың төрағалығымен өтті.

Кәсіптік білім беру саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен, елордалық білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев, «ASTANA POLYTECHNIC» жоғарғы колледжінің директоры Болат Рысқалиев, сондай-ақ серіктес, жұмыс берушілердің қатысумен өтті.

«Бүгін елімізде 300-ден астам колледжде жұмыс берушілер күні аталып жатыр. Бұл бір реттік науқан емес. Жұмыс берушілермен өзара бірлесе әрекет жасау – біз үшін бірінші кезектегі міндет. Өйткені кадрларды даярлау сапасы біздің еңбек нарығы және жұмыс берушімен бірлесе әрекет етумізбен тікелей байланысты», – деді жиында ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Айтмағамбетов.

Шара барысында кәсіпорындар үшін білікті кадрларды даярлау, академиялық дербестікті ескере отырып білім беру бағдарламаларын әзірлеу, кадрларды даярлаудың мақсатты тәртібі сынды тақырыптар талқыланып, дуалды оқытуды масштабтау мәселесіне ерекше назар аударылды.

Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиевтің айтуынша, елордада 192 кәсіпорын мен 23 колледж,60 мамандық пен 78 біліктілік бойынша кадрларды бірлесіп даярлайтын дуалды оқыту жүйесіне тартылған. Кәсіпкерлер палатасы дуалды оқыту бойынша үшжақты келісімдер жасауға жәрдемдесіп, дуалды оқытуды пайдалана отырып, оқу-әдістемелік материалдарды, білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады. Дуальді оқыту бойынша білім алған түлектерді жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу шараларын әзірлейді және жүзеге асырады, қажеттіліктерге мониторинг жүргізіп, кәсіпкерлік субъектілерінің кәсіби кадрларға қажеттілігін бақылайды. Қазіргі уақытта Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының Реестрінде колледж, кәсіпорын және студент арасында дуалді оқыту бойынша 3760 белсенді үшжақты келісімдер (әрқайсысымен жеке) тіркелген.

«ASTANA POLYTECHNIC» жоғары колледжі» 2017 жылдан бастап қонақүй ісі, автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану, радиоэлектроника (түрлері бойынша), және байланыс желілік желілерді пайдалану ,телекоммуникациялық құрылымдар мен сымды хабар тарату сияқты мамандықтар бойынша дуалды оқытуға қатысып отырғанын және колледжде 188 дуалды білім беру келісімшарты бар», – деді ол.

Бейсен Жолболдиев сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы жыл сайын ұйымдарға кадр қажеттілігіне сауалнама жүргізетінін айтты. Соңғы сауалнама нәтижесі техникалық және кәсіптік білімі (колледж) дипломы бар жұмысшыларға көбірек талап қойылатынын көрсеткен.

Шара барысында серіктес жұмыс берушілер кадрларды оқытуға тәжірибиелерімен  бөлісті. Олардың үздіктері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің атынан алғыс хаттармен марапатталды.

«Кәсіпорнымыз дуальды оқытуға шамамен 3 жыл қатысып келеді. Қазір екі колледжбен байланыс орнаттық. Жылына 20-ға жуық адамды өндірісте оқытуға қабылдаймыз. Біз балалар таңертен оқып түстен кейін өндірісте жұмыс істейтін деңгейге әлі жетпедік, бірақ бұған дайынбыз. Біз электриктер, құрастырушылар, слесарлар мен дәнекерлеушілерді оқытамыз», – деді марапаттау рәсімінен кейін «Астана электротехникалық зауыты» ЖШС директоры Асқар Сыздықов.

Іс-шара колледждің жаңа әлеуметтік серіктестерімен меморандумдарға қол қоюмен аяқталды.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер