«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 300 орын елорда үшін тым аз

2022 жылғы 27 Маусым
- Астана қаласы
6677 просмотров

Елордада қысқа мерзімді кәсіптік оқыту көлемін арттыру қажет. Бұл жұмыссыз халық арасындағы сұранысты қанағаттандыруға және қаланың оқу орталықтарын жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Өзгерген ережелерге байланысты оқу ұйымдарында жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастыру тәртібі Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасында дөңгелек үстел барысында талқыланды.

Кездесуді ашқан Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Нұргүл Ахметова кәсіптік оқытуды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына енгізілген негізгі өзгеріс жұмыс берушінің сұрауы бойынша оқытуды ұйымдастыру болғанын хабарлады.

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында процестің барлық қатысушыларымен: оқу орталығымен, жұмыс берушімен, жұмыссыздармен және халықты жұмыспен қамту орталығымен төрт жақты шарт жасалады. Әрбір Тарап өз міндеттемелерін орындауға кепілдік береді, оның ішінде оқу орталығы адам жұмыста пайдалана алатын дағдыларға үйрету міндеттемесін өзіне алады», – деді Нұргүл Ахметова.

Халықты жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Бақтияр Айтпаев өзгерістерге сәйкес, оқуға өтінімдер жұмыс берушілерден қабылданатынын, сондай-ақ олар кәсіптік даярлық өтетін оқу орталығын анықтайтынын айтты.

«Біз таңдалған орталықпен келісім жасасамыз және оған бағдарламаға қатысушы жұмыссыздарды жібереміз. Жұмыс беруші үшін басты шарт – ол Бағдарламаға қатысушылардың 100 пайыз жұмысқа орналасуына кепілдік беруі тиіс», – деп атап өтті Бақтияр Айтпаев.

Оның ақпараты бойынша, жыл басынан бері жұмыс берушілерден 26 өтінім келіп түскен, алайда кейінірек бағдарламаның кейбір қатысушылары оған қатысудан бас тартты, нәтижесінде оқыту үшін қосымша орындар босатылды.

«Оқудан кейін адамдарды жұмысқа орналастыруға дайын жұмыс берушілер бағдарламаға қатыса алады», – деді ХЖҚО директорының орынбасары.

Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры бағдарламаны жүзеге асырудағы олқылықтарды атап өтті.

«Жыл сайын Жұмыспен қамту орталығы бірінші жартыжылдықта жұмыссыздарды оқытуды ұйымдастырады, бұл жұмыссыздар үшін мемлекеттік қызметтерді алуға шектеу тудырады. Яғни, күзгі кезеңде сұранысқа ие мамандық алу мүмкін емес, сондықтан жылдың бірінші жартысында оқуға үлгермегендер келесі жылды күтуге мәжбүр. 2022 жылы елорданың жұмыссыз азаматтарын оқыту жұмыссыздар қатарынан шығу үшін жаңа мамандық алуға ниет білдірген 300 адамға ғана жүргізілетін болады. Жұмыссыздардың үлкен әскері биыл кеңейетінін ескере отырып, қиын экономикалық жағдайға байланысты кәсіптік оқыту үшін  300 орын аз», – деп атап өтті Бейсен Жолболдиев.

Ол сондай-ақ, қазір Нұр-Сұлтан қаласы бойынша оқу орталықтарының тізілімінде оқыту бойынша қызмет көрсетуге дайын 67 білім беру ұйымы бар екенін айтты. Кейбір оқу ұйымдары үшін жұмыссыздарды оқыту жалғыз табыс болып табылады.

«Әлеуметтік шиеленісті болдырмау, жұмыссыз адамдардың бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыру мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша орындар санын арттыруды және жыл бойы оқытуды ұйымдастыруды ұсынамыз», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры.

 

 

 

 

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер