«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Made in Nur-Sultan өнімдері жәрмеңкесі

2021 жылғы 17 Қараша
- Астана қаласы
7022 просмотров

Нұр-Сұлтан қаласында алғаш рет «Бастау Бизнес» жобасы түлектері өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары елордада өндірілетін тауарларды көріп, оны сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Жәрмеңкеде зергерлік бұйымдар мен киім-кешек, тоқыма өнімдері, ойыншықтар, картиналар, кәдесыйлар және т.б. ұсынылды. Ұйымдастырушылар: Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасы.

«Бастау Бизнес» жобасы Нұр-Сұлтан қаласында 2019 жылдан бастап «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылуда. Үш жыл ішінде кәсіпкерлік негіздеріне 6,2 мыңнан астам адам оқыды. Жоба түлектері 1,7 мыңнан астам жаңа кәсіпкерлік субъектіні ашты, 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылды», – деп атап өтті Нұр-Сұлан қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.

2019-2021 жылдары 2061 қатысушы жобасын жүргізуге қаржыландыру алды, оның ішінде 1957 адам – 200 АЕК-ке дейінгі мемлекеттік гранттар, 59 түлек-2-5 млн теңгеден басталатын гранттар алып, жобаның 47 қатысушысы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы қаржыландырылды.

Мысалы, жоба түлегі Әлия Тоқтанаева 200 АЕК көлемінде грант, сонымен қатар «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 5 млн теңге грант алды. Осы қаражатқа кәсіпкер балаларды дамытатын ағаш ойыншықтардың өндірісін жолға қойды. Келесі түлек Алмаш Керейбайқызы грант қаражатына (200 АЕК) киізден жасалған бұйымдар: ерлер мен әйелдер шапок, күртеше, етік өндірісін іске қосты.

Кәсіпкерлік негіздерін мүмкіндігі шектеулі адамдар да оқып жатыр. Мысалы, Сұлушаш Ахметжанова «Бастау Бизнес» жобасында білім алып, 200 АЕК грант ұтып алып, төсек-орын жабдықтарын, шопперлер, көп рет қолданылатын маскаларды тігетін шағын тігін шеберханасын ашты. Жұмыста оған қызы Соня көмектеседі, өйткені кәсіпкер әйелдің есту және сөйлеу қабілеті нашар.

«Бұған дейін мен үй шаруашылығында отырдым, жастық шағымда тігінші ретінде жұмыс істегенмін. «Бастау Бизнесте» оқу туралы маған қызым айтты, осы жылы бар күш-жігеріміздің арқасында біз оқудан өттік және грантты қорғап шықтық. Басында, әрине, алаңдаушылық болды, өйткені мен көп жылдар бойы жұмыс істемедім. Бірақ бүгінде ақырын қадам басып, алға ұмтылып келеміз. Мен өз ісін ашқысы келетіндердің барлығына оқудан өтуге кеңес берер едім. Сіз оқудан көп нәрсені үйренуге мүмкіндік аласыз», – деді Сұлуншаш Ахметжанова.

Ал тағы бір қатысушы Әсел Әбдірахманова мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған баспаны ашты. Ол олардың өнімдерін сатуға және сұранысқа ие болуына көмектеседі. Мысалы, баспагер қолсыз-аузымен немесе аяғымен боялған суреттерді сатады, сонымен қатар бұл суреттерді шоперлерге қолданады.

«Жоба бойынша оқып, грант алып, сублимацияға арналған принтер, термо-пресс сатып алдым. Суреттер мен шоперлерден басқа, біз қолдан жасалған қуыршақтарды, полимерлі балшықтан жасалған бұйымдарды сатамыз. Осының барлығы авторлық жұмыстар», – дейді Әсел.

Жәрмеңкеде сіз құрамында ақ қант пен глютені жоқ пайдалы шоколадтың дәмін татып, сатып ала аласыз. Оны елордада екінші жыл Махаббат Қозжанова өндіруде. Алдымен әйел тәттілерді үйде жасаған, содан кейін хоббиді бизнеске айналдыруды шешкен.

«Шоколад тек үш ингредиенттен жасалған: какао майы, үгітілген табиғи какао және қанттың орнына топинамбур шәрбаты. Гранттық қаражатқа мен өздігінен ұн жасау үшін блендер сатып алдым. Қазір мен өз өнімдерімді қаладағы барлық эко-дүкендерге, кофеханалар мен пайдалы тамақтану кафелеріне жеткіземін. «Бастауда» оқу маған өз ісімді бастауға көмектесті, өйткені мен ұзақ уақыт бойы шешім қабылдай алмай жүрген едім. Барлықтарыңызға кәсіпкерлікті тану үшін, оқудан өтуге кеңес беремін», – деп атап өтті Махаббат.

Тағы бір қатысушы – Рахима Омарова – бизнесті кез келген жаста бастауға болатындығының жарқын көрінісі.

«Мен 68 жастамын, бұл бизнеспен екі жыл бойы қызым Гүлсіммен бірге айналысудамын. Құрак-көрпені және басқа да ұлттық нақыштағы тоқыма өнімдерін тігеміз», – деп атап өтті ол.

Жәрмеңкенің салтанатты ашылуына «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нариман Әбілшайықов, Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының хатшысы Ерлан Қаналимов, «Nur Otan» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сақтаған Сәдуақасов, Нұр-Сұлтан қаласы халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасов және қала әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары қатысты.

«Оқудан басқа, Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасында кәсіпті енді бастаған азаматтар және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлерге бизнес жүргізу бойынша сервистік қызметтер көрсетіледі. Бұл бухгалтерлер, заңгерлер, маркетологтардың қызметтері. Біздің Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында бизнес-жоспар құру, салық есептілігін тапсыруға өтінім беруге. Барлық қызметтер тегін көрсетіледі. Осылайша, біз кәсіпкерлерге жеке кәсіпкерлік немесе ЖШС-ны тіркеу сәтінен бастап, оқыту, бизнес жолға қойылғанша көмектесеміз», – деп атап өтті Алмат Жүнісов.

Бизнеске сервистік қолдауды Б.Момышұлы даңғылы 2/11, «Avenue» бизнес-орталығы мекенжайы бойынша орналасқан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығынан алуға болады.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер