«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Нұр-Сұлтанда тағы 6 кинотеатр қызмет көрсете бастады

2021 жылғы 20 Сәуір
- Астана қаласы
7339 просмотров

Елордалық кинотеатрлар Ashyq жобасына қатысу арқылы жұмыс күндері, сондай-ақ демалыс күндері жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

Осы аптада «Asia Park» сауда және ойын-сауық орталығында орналасқан «Арман» кинотеатры, «Аружан» сауда және ойын-сауық орталығындағы «ARU Cinema» кинотеатры, «Сарыарқа», «Керуен» және «Keruen City» сауда және ойын-сауық орталықтарындағы «Kinopark» кинотеарлар желісі, «TALAN GALLERY» нысанындағы «KERUEN CINEMA» кинотеатры көрерменге өз есіктерін айқара ашты. Сонымен қатар «Movie Room» жұмысын жандандырды.

 Өткен аптада жобаға Chaplin кинотетарлар желісі де қосылды.

 «Кинотеатрлар қажетті тіркеу және нұсқаулардан өтіп, QR-код алды. Енді санитар дәрігер жазған қауіпсіздік шараларын сақтап, апта бойы жұмыс істеуге мүмкіндік алды. Міндетті талаптар қатарында – келушілерді әр екі орындық сайын шахмат тәртібінде отырғызу бар, жалпы толымдылық 30 пайыздан аспауы тиіс. Сонымен қатар маска кию – келушілер мен персоналға қойылған міндетті талап. Нысандар ішінде санитарлық өңдеу жүргізіліп отыруы керек», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директорының орынбасары Қуанышбек Мұқаш.

 «Арман» кинотеатрының өкілі Камила Башпанова әр жаңашылдық секілді жобаны қолдануда біраз сұрақтар барын айтты. Алайда, кинотеатр қызметкерлері көмегімен келушілер қосымша талаптарын тез игеріп жатыр.

 «Әкімшілеріміз қонақтарға қосымшаны жүктеуге көмектесіп, қосымшаға қалай тіркеліп, қолдану қажеттігін түсіндіріп жатыр. Кинотеатр ішінде қосымшаны қолдануға қатысты нұсқамалар ілінген. Жалпы алғанда, адамдар жаңашылдыққа тез бейімделіп, сақтық шараларын қолдануға дайын», – дейді ол.

 Еске салсақ, Нұр-Сұлтан қаласында сынақ режимінде Ashyq жобасы 2021 жылдың 17 қаңтарында іске қосылды. 2021 жылдың 26 ақпанында Бас санитар дәрігердің «Ashyq» мобильді қосымшасын Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды ​​қалаларындағы кәсіпкерлік нысандарына енгізу бойынша пилоттық іс-шара өткізу туралы» №7 қаулысы қабылданды.

 Осы қаулы шеңберінде «Ashyq» пилоттық жобасы фитнес-клубтар, спа-орталықтар, сауналар, бассейндер, компьютер клубтары және боулинг орталықтарында іске асырыла бастады. Осылайша, 2020 жылдың наурызынан бастап тоқтап қалған компьютер клубтар мен бойлинг орталықтары жұмыс істеуге мүмкіндік алды.

 «Қазіргі кезде жоба ел ауқымында таратылуға мүмкіндік алды. Жоғарыда аталған кәсіпкерлік нысандарынан бөлек, жобаға кинотеатрлар, қоғамдық тамақтану нысандары, караоке және банкет залдары, театрлар, концерт залдары қатыса алады. Қазіргі таңда астанада «Ashyq» жобасына барлығы 135 ШОБ субъектісі қатысып жатыр», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ӨКП директоры Алмат Жүнісов.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер