«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ұлт саулығының жәрдемшісі – алтын тамыр

2017 жылғы 23 Ақпан
- Жамбыл облысы
22868 просмотров

Мойынқұм ауданының тұрғыны туған өлкесінің өсімдіктерінен инновациялық фитоөнімдерді шығаруды жолға қойды

«Туған жерге туың тік» дейді халық мақалында. Серғазы Қылышбаев облыстың шалғай Мойынқұм ауданында туған. Медициналық оқу орнын бітірген соң еңбек жолын Алматыда бастаған, алайда көп жыл өткен соң, ең патриоттық бизнестің негізін қалау үшін туған өңірге қайтуға бел байлады.

Мойынқұм ауданында табиғи-климаттық ерекшелікке қарай сексеуіл орманы бар. Сол бұталардың тамырында негізгі өсімдіктің барлық нәрлі әрі құнарлы заттарын сіңіретін паразитті цистанхе өсімдігі бар. Көпшілік мұны біле бермейді. Цистанхенің ғажайып қасиеті осымен-ақ сипатталады, оны «құмның алтын тамыры» деп атайды. Медицина мамандары бұл тамырдың емдік қасиеті кәсімді адамтамырдан (женьшень) бес есе жоғары дейді. Цистанхе антиоксидантты, қабынуға қарсы, эстрогенді, иммундық түрлендіруші, ісікке қарсы және тағы басқа да қасиетке ие. Ол көптеген биологиялық белсенді қоспалар мен дәрумендік кешендер құрамына кіреді.

«Бұл өсімдік шикізатына Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореядан сұраныс әрдайым жоғары және сол елдерде өсімдікті өңдейтін кәспіорындар да салынып жатыр. Қазақстанда ішкі өндіріс ешқашан болмаған. Шикізат толығымен Қытайға экспортталады. Қытайда бұл өсімдікті алдын ала дайындауға Қызыл кітаппен қатаң шектеу қойылған. Қазақстан цистанхені экспортқа шығаруда көш бастауға мүмкіндігі бар», ­– дейді Серғазы Қылышбаев.

Кәсіпкердің айтуынша, бұған дейін осы өсімдікті өз елімізде өңдеу туралы ешкім ойланбаған. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде тамыр бақылаусыз шекара асып жатыр. Сондықтан шикізатты Қазақстаннан шығаруға қатаң тыйым салып, тоқтам қою керек.

Осы мәселелерді көрген Серғазы Қылышбаев дәл Мойынқұм ауданында өсімдікті жинап, кептіріп және дайын өнім шығаратын жобаны жүзеге асыруға шешім қабылдаған.

«Жобаны жүзеге асыру өсімдік шикізатын қайта өңдейтін және емдік қасиеті бар сапасы жоғары дәрі-дәрмек шығаратын өңірлік инновациялық кластер құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, түрлі ауруларды емдеуге арналған зат ішкі нарыққа да, шетелге де кең таралатын болады», ­– деп сендірді кәсіпкер.

Кәсіпкердің Манғыстау ауданында өсетін өсімдіктер мен цистанхеден инновациялық фитоөнімдерді шығаруға арналған жобасы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» қолдауымен қаржыландырылды. Серғазы Қылышбаев «Бизнестің жол картасы­–2020» бағдарламасы аясында грант ұтып алып, сол қаражатқа цех ашуға қажетті өсімдіктерді өңдейтін жабдықтарды сатып алды. Кейіннен «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдаудың басқа да шараларын пайдаланып, дайындап-өндіретін кешен салды.

Бизнесмен шай мен тұнбаларды шығаруға ниетті. Бүгінде «Цистанхе» фитошайын 100 грамнан фирмалық қамтамада шығару жолға қойылған.

Былтыр «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауына қатысып, қонақтарды таң қалдырған. Көптеген қонақтар сатып алып, керемет қасиетін сезіне алды.

Алайда, жоба іске қосылғанымен, кәсіпкерде бірқатар мәселелер туындап, оны шешу үшін облыстағы Кәсіпкерлер палатасына ұдайы жүгініп келеді.

«Өнімнің танымалдылығы үшін бұл жоба Отандық тауар өндірушілер реестріне енгізілді. Бұл Реестр қызығушылық танытқан органдарға үнемі жіберіледі, оның ішінде Сырты сауда палатасының да, жергілікті атқарушы органдардың бағыты бойынша жолданады», – деп атап өтті Кәсіпкерлер палатасы АӨК бөлімінің басшысы Руслан Рақымбаев.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер