«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астана әкімі кәсіпкерлердің ұсынысына қолдау білдірді

2016 жылғы 28 Қараша
- Астана қаласы
10108 просмотров

Оның ішінде сол жағалауда Кәсіпкерлерді қолдау орталығын ашу бастамасын қолдады

Жаңа толық сипатты кәсіпкерлерді қолдау орталығын ашу идеясы Әсет Исекешевтің Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің төрағасы Дәурен Жақсыбек бастаған елордалық бизнесмендермен кездесуі кезінде айтылды.

Кездесу кезінде Астана қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетов бүгінгі таңда елордада кәсіпкерлер мен өз ісін ашуға талпынысы бар адамдар динамикасының өсуіне байланысты кәсіпкерлерге қызмет көрсететін орталық ашу өзекті болып тұрғанын, онда шағын және орта бизнестің дамуына қолдау көрсететін бірқатар институт өкілдері жұмыс істейтінін айтты.  

«Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының кеңесші менеджерлерінен бөлек,  «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «КазАгро» АҚ, Инвесторларға қызмет көрсету орталықтары мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкер-кеңесшілерін жұмысқа орналастыру туралы ұсыныс түсті. Сондай-ақ, олардың қатарына Астана қаласы әкімдігіндегі басқармалар (жер мәселесі бойынша, сәулет ісі бойынша және т.б.) өкілдерін, Мемлекеттік кіріс департаменті өкілдерін қосу туралы ұсыныс бар», – деді Ғани Тасмағамбетов.

Әкім Әсет Исекешев бұл ұсыныстарды мақұлдап,  басқа да ұсыныстар болса, оны өз орынбасары Малика Бектұроваға жіберу керектігін нұсқады.

Бүгінгі таңда Астанада кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Кәсіпкерлер  палатасы мен «Даму» қоры бірлесіп ашқан Кәсіпкерлерді қолдау орталығы жұмыс істейді. Орталықта шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне бухгалтерия, заң, маркетинг, бизнес-жоспар құру, менеджмент, мемлекеттік сатып алу, кеден, менеджмент сапасы стандарттары, ІТ-қызмет бойынша тегін қызмет көрсетіліп, кеңестер беріледі. 

Астана қалалық Кәсіпкерлер палатасы осы күнге дейін 5,6 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне 7,7 мың қызмет көрсеткен.

Кездесу кезінде жергілікті кәсіпкерлер елордадағы бизнестің жұмысын жақсартуға қатысты ұсыныстарды ортаға салды. Мәселен, Астана қаласы Көлік қызметкерлері қауымдастығының төрағасы Медет Құрманов қала ішіндегі такси қызметін жақсартудың амалдары туралы айтып берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда ресми тіркелген таксомоторлы парктердің дамуына бірқатар кедергілер бар. Астанадағы жалпы тасымал нарығының, ал бұл дегеніңіз 600 миллион теңге, 10%-ы ғана парктер еншісіне тиеді екен.

«Мемлекет бюджетке тиісті салық түсімдерін түсіре алмай отыр. Өйткені, заңсыз тасымалдаушылар қолындағы айналым жылына 6,5 млрд теңгені құрайды. Заңсыз тасымалдаушыларда инфрақұрылым жоқ, сондықтан оларға ресми түрде жұмыс істеу кіріс түсірмейді, оның үстінен такси тасымалы заңнамамен толық реттелмеген», – дейді Медет Құрманов. 

Ол автобус жолымен адал таксилердің де жүруіне рұқсат етіп, таксилерге арнайы нөмірлер беріп, таксилердің автотұрақтарды кедергісіз қолдануына мүмкіндік жасалса деген ниет білдірді. Сонымен бірген көлікті қадағалау қызметтерінің жұмысын жеңілдету үшін, заңды ұстанымдарға сүйене отырып, өзін-өзі реттеуге көмектесетін бірегей диспетчерлік қызметті Көлік қауымдастығы базасында жасап шығаруды ұсынды.   

«Трубокомплект» ЖШС директоры Сергей Таркин «Астана-Технопарк» аумағындағы энергиямен қамтамасыз ету проблемаларын жеткізді.

«Электр құрылғыларын жедел-диспетчерлік басқару жүйесі жоқ, электр құрылғылары мен электр желілері мүлде ескірген, олар толыққанды жөндеу жұмыстарын немесе ауыстыруды талап етеді, бұл туралы Астананың жауапты мемлекеттік органдары біледі», – деді Сергей Таркин. 

«Сарыарқа» ауданы бюджетінің біраз бөлігін «Астана-Технопарк» кәсіпкерлері түсіретінін, солардың арқасында жүздеген жұмыс орындары ашылып, отандық өнімдер өндіріп жатқанын ескере отырып, олар әкімнен құрылыс салумен және электр желілерін жүргізумен айналысатын бизнесмендерді тартып, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік арқылы, даму институттары арқылы, мемлекеттік бюджет есебінен көмектесуді өтінді. 

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесінің мүшесі Данияр Бектібаев туризмді дамыту және көше саудасы туралы ұсыныстар жасады.

«Астана әкімдігінің қолдауымен қазіргі кезде «Көше саудасына 1000 орын» атты бағдарлама жүзеге асып жатыр. Сауда орындарын алу бойынша өтініш қабылдаудың екі кезеңі өтті. Соңғысы осы жылдың маусымында болды. 862 орынға 3200 өтініш келіп түскен. Комиссия кәсіпкерлерден 414 өтініш қабылдады. Кәсіпкерлер тарапынан сұраныс зор, кәсіпкерлер бағдарлама туралы көп жағымды пікір айтып жатыр. Бағдарламаны ары қарай өрбіту арқылы шағын кәсіпкерлік субъектілерін көбейтеміз деген ойдамыз, бұл қадам өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына, жергілікті бюджетке көп салықтың түсуіне себепші болмақ», – деп атап өтті өз сөзінде Данияр Бектібаев.

«Мырзахан» ЖШС директоры Ерлан Сүлейменов Дденсаулық сақтау нысандарын жауапты басқару үшін, оларды мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің құзырына өткізу туралы ой қозғады.

«Бизнесті жекешелендіру тәсілі мекемені қамтамасыз етуге жұмсалатын шығынды азайтады. Қызмет көрсету деңгейін арттыру мен қызмет сапасын бәсекеге қабілетті ету үшін бизнесті табысты жүргізіп, клиенттік базаны ұлғайту керек. Ал мемлекет тиімділігі аз, шығыны көп мекемелерден арылады, бұл бюджеттің ақшасын осы саланың стратегиялық маңызы зор секторларын дамытуға немесе мемлекеттік- жекеменшік серіктестіктің үлесі аз салаларға жұмсауға мүмкіндік береді», – дейді Ерлан Сүлейменов.   

Кәсіпкерлерді тыңдап болған Әсет Исекешев аталған ұсыныстарды жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарау үшін бірқатар тапсырмалар берді.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер