«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Отандық аяқ киім иесін қашан табады?

2016 жылғы 16 Қараша
- Астана қаласы
10979 просмотров

«Ерінбеген етікші болады». Атам қазақ осы сөзімен-ақ бұл кәсіптің қоғамдық мән-маңызын әлдеқашан айшықтап тастаған. Өйткені етікшілік те өнер. Жай өнер емес, ерінбей-жалықпай үйренетін өнер. Кезінде әр ауылға бір етікші болған, себебі мәсі мүжілмей, етік тозбай тұрмайды. Шеберлігін шыңдап, ісмерлігін ісімен дәлелдеген адам ғана етікші бола алады. Сондықтан да қазақ қоғамы етікшіні жоғары бағалаған. Қазір ғой, етікші десек, мұрын шүйіретініміз. Сөйте тұра,  сапасыз аяқ киімдер сатып алып, жақсы киіс бермегені үшін сөгіп жатамыз. Ал өзіміз ерінеміз, етікшілікті де кәсіп көзіне айналдырып, табыс табуға болатынын ескермейміз.

Дәурен мен Жангүл Телбаевтар да алғашында кәсіптерін аяқ киім сатудан бастаған. Осындай саудамен айналыса жүріп, ерлі-зайыптылар аяқ киім индустриясының қыры мен сырына қаныға түскен. Ақырында осы кәсіпті, дәлірегі аяқ киім өндірісін өзімізде ашуға бел байлаған. Сөйтіп ерінбей-жалықпай жүріп, ойға алған шаруаларын да бастап кеткен.

«Елімізде жақсы сұранысқа ие болу үшін, өнім сапалы, ыңғайлы, тартымды әрі қол жетімді болу керек. Ойша жоспар құрғанда барлығы оңай, алайда іске келгенде басқаша. Ең бастысы алға қарай ұмтылу, төзімді бола білу керек. Өндірістің қай саласын алсаңыз да отандық тауарға сұраныс бар. Экологиялық таза, сапалы заттар өз құндылығын жоғалтпайды, денсаулыққа зиян келтірмейді. Түсініксіз шикізаттан жасалған, иісі қолқаңды алатын аяқ киімдерден гөрі, таза былғарыдан тігілген етіктер көпшіліктің көңілінен шығып отыр», – дейді кәсіпкер Жангүл Телбаева.

 

Сапалы аяқ киім қалай жасалады?

Шағын цехқа кіргенде бірден байқалатыны – мұрныңды жаратын мүңкіген иіс жоқ. Сапа көрсеткішінің алғашқы белгісі осы болса керек. Ал мына шағын цехта пайдаланылатын барлық өнім экологиялық тұрғыдан таза.

Шеберханада былғарыны ойып, пішінге келтіретін, қонышын тігіп, бүгіп, тігісін жатқызатын бірнеше тігін машиналары бар. Пішіні тігілген соң қонышты тері мен картон аралас ұлтараққа майда шегелерді қағу арқылы қалыпқа келтіреді. Дайын етік нобайына табан жапсырмас бұрын арнайы 200 градус ыстық пешке салады. Пештен шыққан аяқ киімдегі түрлі микробтарды залалсыздандыру үшін ультражарық орнатылған құрылғыдан да өткізіп алады. Содан кейін оған табан жабыстырылады немесе қағылады. Ең соңында аяқ киімге сериялық нөмірі басылады. Шеберханада негізгі процестің бәрі қол еңбегін талап етеді. Демек, аяқ киімнің әр жұбын қолөнер туындысы деп бағалаған жөн.

Кәсіпкерлер былғары мен иленген теріні Көкшетау, Тараз, Алматы қалаларынан алдыртады. Аяқ киімге арналған қосалқы бөлшектер: оюлар, әшекейлерді, табанын, сырғытпалары мен желімін шетелден алуға тұра келеді, өйткені Қазақстанда жасалмайды. Телбаевтар қажетті фурнитураны Түркиядан тасымалдайды. Дайын аяқ киімді салатын қораптарды павлодарлық кәсіпкерлерден алдыртады.

 

Мақсатқа жету жолында

Жеке бизнесті іске қосу үшін кәсіпкерлер отбасы «Даму» қорының «Бизнес жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 13 миллион теңге несие алған. Бұдан бөлек Астана қаласы «Сарыарқа» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары бизнес-жоспар құру, құқықтық кеңес беру жөнінен көмектескен.  

Алайда, кәсіпкерлерге аяқ киім тігетін шебер табу қиынға соққан. Ақырында шеберлерді шетелден тартуға мәжбүр болған. Шағын цехтың құрылғылары жартылай автоматтандырылған, сондықтан қол еңбегі – шешуші фактор. Қазір шағын цехта 2 түрік шебері келісімшарт негізінде жұмыс істеуде.

«Қазір айына шамамен 130 жұп аяқ киім тігіп отырмыз. Біздегі мақсат –жерлестерімізге төл тауар ұсыну. Тауарымыздың көлемі әзірге үлкен емес, сол себепті ірі дүкендермен келісімшарттарға отырмадық. Астананың орталық базарында сауда нүктеміз бар, көпшілік бізді сол жаққа іздеп келеді. Отандық аяқ киім екенін біліп, сапасына көзі жеткесін шын қуанғандарын да, таңданыстарын да жасырмайды. Ақ тілектерін де аямайды. Сатып алушылардың осындай тілеулестігін көргенде құлшынысымыз арта түседі. Тұтынушылар арасында  отандық өнімді  іздеп киетін жандар өте көп, олар бізді қолдап, сапасын ұнатып аяқ киімдерді қораптап алады. Тіпті аяқ киім өлшемі өзіне дәл келмесе де бізді қолдау үшін сатып алатындар бар. Алайда үлкен сауда орындарына қоюға шамамыз әлі келмейді, себебі жалға алу құны тым қымбат», – деген Дәурен Телбаев жетістік пен кедергіні қатар жеткізді.

 

Отандық өнім көптік етпейді

Қазақстанда аяқ киім өндірісі қажетті қарқынды ала алмай отыр, кейінгі жылдары мүлде тоқтап қалғаны мәлім.  Қытайдың арзан, сапасы нашар тауарына қарап қалған кездер де болды.  Енді-енді осы өндіріс қайта қолға алынып, Қарағандыда, Петропавлда қайта жаңғыра бастады. Бірақ ішкі сұранысты толық өтемек түгілі, жалпы нарықтың бір ширегін де әлі иелене алған жоқ.

Қазір «Жетісу», «Арго» және Қарағанды аяқ киім фабрикалары бар. «Арго» ЖШС кебіс, резеңке етік, әскери аяқ киім шығарумен айналысады. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің 2016 жылдың қаңтар-тамыздағы көрсеткішіне сүйенсек, спорттық,  әскери және ортопедиялықтан басқа аяқ киім ресурсы 16 510,5 мың жұпты құрайды. Оның 786,2 мың жұп аяқ киімі Қазақстанда өндірілсе, 15 724,3 мың жұп импортқа тиесілі.

Сондықтан бұл саладағы кез келген бастама қолдауға тұрарлық. Өйткені, нарық бар,  ең бастысы – отандық тауарға деген зәрулік те, ықылас та бар.

 

Жастар арасында кәсіпке қызығушылық аз

Телбаевтар қазір өз цехында жұмыс істеп жатқан түрік шеберлерінің аяқ киім тігу технологиясын өзгелерге үйретіп қалығысы келеді. Алайда үйренем деген жұрттың қарасы көрінбейді. «Біздің бір тілегіміз қазақи брендтер ашылып, отандық өнім ошақтары көп болса дейміз. Сол себепті осы түрік еткішілерінің шеберлігін жастар үйренсе деген тілегіміз бар. Алайда қазақтың жігіттері етікшілікті намыс көріп, қысы-жазы көк тиынға жалданып, көлік жууға барады. Оның орнына ерінбей, осы шеберлердің қасынан бір елі қалмай, тігіп-пішуді үйреніп алса, осы кәсіптен нәсібін айырып отырар еді», – дейді Жангүл Телбаева. Сонымен қатар, сөз арасында қыруар қаржыны құйып, енді-енді қолға алып келе жатқан істің пайдасын әлі көрмегендіктерін, табыстан гөрі, қарыз қайтарудың қамымен жүрген кәсіпкерге салық төлеу ауырлық екенін айтқан Жангүл Телбаева жаңа бастаған, нақты өнім өндірумен айналыса бастаған кәсіпкерлерді белгілі бір мерзімге дейін салықтан босатса деген тілегін де жасырмады.

 

Сұраныс пен жарнама

Телбаевтардың аяқ киімдеріне сұраныс әзірге базар деңгейінде, сатып алушылар бірінен бірі естіп тауып келеді, әлеуметтік желілерде де парақшалары бар екен. Алайда импорт ұсынған сан алуан тауар арасынан ерекшеленіп шығу өте қиын. Өйткені, қазіргі заманғы өңдеу технологиялары аяқ киімді өте сапалы етіп көрсете алады. Бірақ тауардың шын сапасы киіс бергенде білінеді. Ал Телбаевтар аяқ киімді түрік технологиясын қолдана отырып, отандық шикізаттан тігеді.

Шеберхана шілде айында іске қосылған, қазір айтарлықтай табыс бар деп айтуға ерте. Кәсіпкерлердің ертеңгі күнге сенімі мол. Ең бастысы сапаны ұстап тұрса, жақсы тауардың тұтынушысы табылады. «Begim Sulu Fashion» атауымен кәсіптерін жаңа деңгейге шығарғысы келетін Дәурен мен Жангүлдің бірнеше идеясы да бар екен. Олар кәсіпкерліктің қыр-сырына қанығып, заңдық-құқықтық мәселелерді толық меңгеру үшін «Атамекен» ҰКП мамандарынан кеңес алуға ниеттеніп отыр.

Әлия Кемелбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер