«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Жарықсыз жұмыс өнбей отыр

2016 жылғы 07 Қараша
- Астана қаласы
7658 просмотров

Жарықтың дұрыс берілмеуі салдарынан елордадағы технопарк толық жұмыс істей алмай отыр

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі 18-ші отырысында кәсіпкерлердің шағымдары қаралды.

Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Нұржан Бөкин соңғы екі жыл ішінде елордалық Палатаға кәсіпкерлердің ұжымдық шағымдары ұдайы түсіп тұрғанын айтты (барлығы 150-ден астам ШОБ субъектілері). Олар энергиямен қамту ұдайы жүзеге асырылмайтынын айтып, электр энергиясын үнемі сөндіріп тастайтынына шағымданған, себебі, бұл өндірістік процестің тоқтауына әкеп соқтырады.

«Кәсіпкерлер «Астана-Технопаркінде» электрлік жабдықтарды жедел-диспетчерлік басқару жоқ екенін алға тартады. Олардың айтуынша, электр жабдықтары мен электр жүйелерінің тозығы жеткен, сондықтан толық жөндеу жұмыстарын немесе ауыстыруды қажет етеді. Астана қаласының мемлекеттік өкілетті органдары мұның барлығынан хабардар болып шықты. «Астана-Технопарктің» аумағы 67 гектар, оның 48 гектарын өндірістік аймақ алып жатыр. Оның аумағында 150 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істеп жатыр, олар астаналық «Сарыарқа» ауданы бюджетінің 30%-ын қамтамасыз етіп келеді. Ал жоғарыда айтылған жағдайлардың салдарынан олар шығындарға батып, ыңғайсыз жағдайда қалып отыр», – деді Нұржан Бөкин.

Сарапшы бұрын «Астана-Технопарк» аумағының көп бөлігі «Рухаз» ЖШС қызмет көрсету компаниясына қарасты болғанын айтты. Ал 2015 жылы «Астана қаласы энергетика басқармасы» мемлекеттік мекемесі бұрынғы жүйелердің орнын жаңасымен алмастыруды ұсынған. Н.Бөкин сондықтан оларды қаланың коммуналды меншігіне өткізу керектігін келтірді.

2015 жылдың шілдесінде кәсіпкерлермен болған кездесуде Астана қаласының Энергетика басқармасы дәл сол жылы жүйелерді «Астанаэнергосбыт» ЖШС-ға беру туралы сотқа арыз түсіргенін хабарлаған. Алайда қазірге дейін ол мәселе шешімін таппай келеді. Жүйелерді қаланың коммуналдық меншігіне беру мәселесі күнтәртібінде жоқ.

«Сарыарқа» ауданы әкімдігі биыл қыркүйекте осыған қатысты үн қатып, онда жаңа желілерді «Астана-Технопарк» субъектілерінің қатысу үлесі есебінен салу туралы ұсыныс айтқан. Себебі, бюджетте оған бөлінетін қаржы жоқ екен.

«Қазір «ЭнергоКомпани-ПВ» ЖШС аукцион арқылы «Рухаз» ЖШС-ның электрлік жабдықтарын сот орындаушысынан алып жатыр, олар шығынның орнын толтыру туралы келісімшарт жасап, аталған жүйелерді болашақта жаңартуды жоспарлап отыр. Сонымен бірге, «ЭнергоКомпани-ПВ» ЖШС-ның қаржылық жағдайы жаңартуды толық жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. Компания тек жүйелердің жұмыс жағдайын сақтап тұруды ғана іске асырады, үзіліссіз жұмысты қамтамасыз етуге шамалары келмейді, себебі жабдықтардың 90-95%-ы тозған. «Сарыарқа» ауданы бюджетінің 30%-ын кәсіпкерлер жауып отырғанын есепке алып, «Астана-Технопарк» Астана қаласы әкімдігі мен мәслихатынан энергия желілерін бюджет есебінен салуға және жаңартуға өтемақы немесе субсидия бөлу арқылы қолдау көрсетуді сұрап отыр», – деді Нұржан Бөкин кеңес мүшелері мен жергілікті билік органдарына.

Елордалық кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі кеңестің басшысы Ирак Елекеев пен кеңес мүшелері, үндеуді қарап болған соң, Астана қаласы әкіміне барып, бір топ кәсіпкерлердің басындағы жағдайды шешуге ықпал етуді сұрап, өтініштерін жеткізбек болып бекінді.

Сонымен бірге, отырыста Астанадағы тағы бір өзекті мәселе қаралды. «Zheti Khala» ЖШС Астана қаласы Алматы ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының әрекетіне шағымданған. Салық төлеушінің тіркелген мекенжайда болмауына байланысты, компанияны ҚҚС бойынша тіркеуден шығарып тастамақ болған.

«Алайда, артынан белгілі болғандай, басқарма қызметкері салықты тексеру актісін жасау кезінде көрші ғимараттағы қыздың сөздерін негізге алған (компания тұрғын үйде орналасқан), ол қыз нақты ештеңе білмейтінін, ал «Қазпочта» АҚ бөлімшесімен келетін тапсырыс хатттар туралы ескерту мекенжайға жетпейтінін айтқан. Пошташы мекенжайды таппағандықтан, хатты көздеген жеріне жеткізе алмаған. Жоғарыда айтылғандардың негізінде салықтық тексеру дұрыс жүргізілмеген, осыған байланысты оның нәтижелері заңға қарсы әрекет болып саналады және серіктестікті ҚҚС бойынша тіркеуден шығарып тастауға негіз бола алмайды», – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Серік Мұжықов.

Кәсіпкерлер палатасының жолдауы негізінде Астанадағы Алматы ауданының прокуратурасы осы іс бойынша прокурорлық қадағалау актісін енгізді, алайда басқарма олармен келіспейді және оны сотта шешкісі келеді. Осыған байланысты Палата сарапшылары сот отырысына қатысатын болды.

«Басқарманың жоғарыда айтылған әрекеттеріне байланысты компания салығы мен қарызын төлей алмай, шот-фактурасын өткізе алмай қиын жағдайда қалды. Оның қызметі тоқтап тұр, кәсіпкерлік субъектісі шығынға батып жатыр. Сонымен бірге аталған мәселенің жүйелілігіне назар аударыңыздар. Астана қаласының мемлекеттік кірістер басқармасы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері жауапты салық төлеушілерді ҚҚС бойынша заңсыз жолмен тіркеуден шығарып, қызметтеріне кесірін тигізген, олардың жұмыстары тоқтап, шығынға батқан», – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Серік Мұжықов.

Мәселені тыңдаған, Кеңес мүшелері «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына заңнамаға салық төлеушілерді ҚҚС бойынша тіркеуден тек сот шешімімен ғана шығару жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жіберетін болды.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер