«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Қыдырәлі Болманов: «Білім мен бизнес қабыспай тұр»

2016 жылғы 07 Қазан
- Астана қаласы
10207 просмотров

Балаларды дамытуға арналған тауарларды өндірумен айналысатын кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау қажет

Мұндай мәлімдемені Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетовтің төрағалығымен өткен кезекті жиында Өңірлік кеңес мүшелерінің бірі, танымал продюсер және әнші Қыдырәлі Болманов жасады. Ол осы саламен айналысатын кәсіпкерлердің өкінішке қарай, мемлекет тарапынан, өндіріске арналған стандарттарды әзірлеуде де, мәселен, балаларға арналған дамыту ойыншықтарының стандарттарын, балалар тауары ұлттық брендін ілгерілету мәселелерінде де  ешқандай нақты көмек көрмей отырғандығын атап өтті.

«Осы саладағы кәсіпкерлік қызмет ешбір субсидияға ілінбейді. Көршілеріміз менің жұмысым мен диссертациямды ноу-хау ретінде қабылдап, мені ғылымға еңбегі сіңген қызметкер ретінде атақ беру үшін Ресейге шақырып отыр. Осы уақытқа дейін әлемде ешкім ойыншықты балаларды дамыту әдісі ретінде пайдаланбаған. Ол жай ғана ойыншық болды. Қазіргі таңда балаларға арналған өнімдердің орны бос. «Balbala» – Қазақстандағы осы саладағы бірден бір бренд. Балаларды тәрбиелеп, дамытуымыз керек, алайда бізде тиісті заңнамалық база жоқ. Білім мен бизнес қабыспай тұр», – деп атап өтті Қыдырәлі Болманов.

Ол мемлекеттен бөлінетін қаржыға көрші мемлекеттерден ойыншықтар сатып алудың тиімсіз екендігін атап өтті. Өйткені олар балаларды дамытуға арналмаған әрі сапасы күмәнді. Болмановтың пікірінше, тек ақша табуды ғана көздемейтін, өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен дамуына қызығушылық танытып отырған жергілікті кәсіпкерлерді барынша қолдау қажет.

Өңірлік кеңестің мүшелері Қыдырәлі Болмановты қолдап, осы мәселені егжей-тегжейлі қарап, аталған сектордағы шағын және орта бизнесті дамытуға нақты қандай шаралар қажет екендігін түсіну керек деген пікірге келді.

«Бизнесмендер көтеретін барлық түйіткілді мәселелерді арнайы мәселелер тізіліміне енгіземіз. Оларды жергілікті атқарушы және басқа да мемлекеттік органдармен бірігіп отырып, қалалық деңгейде шешеміз. Егер мәселе республикалық сипатта болса, оны ҰКП орталық аппарат деңгейіндегі Тізілімге кіргіземіз», – деп атап өтті Ғани Тасмағамбетов.

Сондай-ақ отырыста жеке кәсіпкерлік субъектілерін нығайту, олардың қызметтеріне қолдау көрсетіп, дамыту мақсатында инвестициялар тартуға көмектесу мәселелері талқыланды.

Естеріңізге сала кетейік, Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Өңірлік кеңесі 2013 жылдың қазанында экономиканың кәсіпкерлік секторын нығайту, өсіру және дамыту үшін құрылған еді. Қадағалаушы органның құрамына 30 мүше кіреді, соның 5-уі бизнес-қауымдастықтардың өкілдері болса, 25-і өңірдегі экономиканың түрлі секторындағы кәсіпорындардың басшылары. Елордадағы Өңірлік кеңестің төрағасы «Цеснабанк» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы – Дәурен Жақсыбек. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер