«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Астанада еңбек адамдары ардақталды

2016 жылғы 23 Қыркүйек
- Астана қаласы
8860 просмотров

Елордада үздік еңбек әулеттері мен жұмысшы мамандықтардың өкілдері марапатталды

Еңбек күні қарсаңында өткен форумда «Еңбек жолы» қалалық байқауының жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Айта кетерлігі, аталған күн Қазақстанда 2014 жылдан бері қыркүйек айының соңғы жексенбісінде мерекеленіп келеді.

Шараға қатысушыларды Астана қаласы әкімінің орынбасары Андрей Лукин құттықтады.

«Мемлекеттің жоғарғы құндылықтарының бірі саналатын еңбек адамының беделі мен мәртебесін көтеру үшін  Елбасының бұйрығымен кәсіби мейрам – Еңбек күні бекітіліп, үшінші жыл қатарынан тойланып келеді. Жалпыға ортақ еңбек идеясын тарату шеңберінде «Еңбек жолы» атты қалалық байқау өткізілді», – деді Андрей Лукин.

Сонымен, «Үздік еңбек әулеті» аталымында үшінші орынды «Вагонсервис» АҚ жетекші аудармашысы Гуля Омарова отбасы ұйытқысы саналатын теміржолшы Омаровтар әулеті иеленді. Отбасының теміржолдағы жалпы еңбек өтілі – 57 жыл.

Осы аталымдағы екінші орын №2 қалалық балалар ауруханасының хирургі Артем Иванов бастаған дәрігер Ивановтар отбасына берілді. Бұл әулеттің жалпы еңбек өтілі – 62 жыл.

Бірінші орынды «Астана су арнасы» МКК-да жұмыс істейтін Виктор Буяковтың отбасы жеңіп алды. Олардың жалпы еңбек өтілі – 81 жыл.

«Үздік тәлімгер» аталымында үшінші орын №5 қалалық емханасының әлеуметтік қызметкері Альфия Есмұхановаға, екінші орын Қазақ гуманитарлық-заң университетінің әлеуметтік-психологиялық пәндер кафедрасының аға оқытушысы Назгүл Болатбековаға, ал бірінші орын «Астана ӨЭК» АҚ-ның технигі Қайрат Бекмағанбетовке берілді.

«Өндірістің үздік жас жұмысшысы» аталымында үшінші орынды «Stone House» ЖШС-ның әрлеушісі Ержан Сейітқожанов, екінші орынды «Астана су арнасы» ММК телімінің слесарі Медет Қабыкенов, бірінші орынды «Тұлпар-Тальго» ЖШС-ның жас шебері Қуаныш Мұқышев иеленді.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының атынан оның директоры Ғани Тасмағанбетов қаланың бес еңбегі сіңген еңбеккеріне алғыс хатын табыс етті. Олар: «Спецэлектра» ЖШС электр-газ дәнекерлеушісі Василий Бельятяев, «Алай» ЖШС қызметкері Толқын Жексенбаева, «Жас кемеңгер» білім беру академиясы» ЖШС оқытушысы Перизат Асбаева, «Жұлдыз» дамыту орталығы» ЖШС аспазшысы Ирина Мезенцева және «Елордалық шыны пакет компаниясы» ЖШС дайын өнім телімінің шебері Асхат Жолбинов.

Жеңімпаздар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Естеріңізге сала кетсек, «Еңбек жолы» байқауының қалалық  деңгейдегі ұйымдастырушылары – Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Кәсіподақ орталығы және Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер