«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Бизнес-мектептің берері мол

2016 жылғы 23 Қыркүйек
- Астана қаласы
8959 просмотров

Жыл басынан бастап 700-ден астам кәсіпкер Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Бизнес-мектебінде» тәжірибе жинады

Осы аптада елордалық Палатада «Бизнес-Өсу» бойынша кезекті оқыту өтеді. Курсты «Бизнес-Кеңесші» бойынша 1-курсты тәмамдап, тіркелген кәсіпкерлер меңгере алады.

Азиза Семізбаева  – өз бизнесін жаңа бастаған жас кәсіпкер. Ол алдымен, «Бизнес-Кеңесші» курсында оқып, енді өз білімін «Бизнес-Өсуде» жетілдіруде. 

Бойжеткен ірі зауыттың дилері және болашақта өндіріс ыдыстарын шығаратын өз кәсіпорнын ашуды жоспарлап отыр.

«Қазір құрылыс қондырғылары мен тағамдық және тағамдық емес ыдыстар секілді өндіріс материалдарын жеткізумен айналысамын. Болашақта Астанада осы сияқты өндірісті дамытпақпын. Мысалы, лак бояулары шығады, ал ол үшін қажет ыдыстар жоқ. Сол себепті, аталған компаниялар ыдыстарды Ресейден сатып алуға мәжбүр, ал ол жақта қымбат. Демек, Астанаға осындай зауыт қажет», – дейді қатысушы.

Оның сөзінше, оқыту өз білімін жетілдіріп, жаңа бизнес-байланыстардың орнауына мүмкіндік берген.

«Мен барлығын Кәсіпкерлер палатасында білімін жетілдіруге шақырамын. Бұл өте қажет әрі пайдалы», – дейді Әзиза Семізбаева.

Естеріңізге сала кетейік, «Бизнес-мектеп» жобасы «Бизнестің жол картасы-2020» бірыңғай бағдарламасының «Кәсіпкерлік әлеуетті күшейту» атты төртінші бағыты бойынша жүзеге асырылып отыр. Қаржылық емес қолдау көрсету және бизнесті жүргізу операторы – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

Оқыту экономиканың барлық салаларындағы шағын және орта бизнес субъектілеріне тегін түрде жүргізіледі. 

«Жыл басынан бастап «Бизнес-мектеп» жобасы бойынша 730 кәсіпкер оқытылды, олардың ішінде 660-ы – «Бизнес-кеңесші», 56-ы – «Бизнес-Өсу» және төртеуі – «Жобалық оқыту» жобасы аясында оқытылды», – деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағамбетов. 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер