«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Ардагерлер ардақталды

2016 жылғы 06 Мамыр
- Астана қаласы
10484 просмотров

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының Іскер әйелдер кеңесі Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетті.

Елордалық №17 мектеп-гимназиясында іскер әйелдер қауымдастығы «Нұр Отан» партиясы Есіл аудандық филиалымен бірлесе отырып, Жеңіс күніне орай қарт ардагерлермен кездесу өткізді. Салтанатты жиында ұстаздар мен шәкірттер, кәсіпкерлер Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтап, сөз сөйледі.

«Атаулы күннің мән-маңызы жыл санап артып келеді. Себебі, сол жылдардағы ардагерлеріміздің 1945 жылдың Жеңіс күніне деген қажырлы қайраты мен ұмтылысы, ерен еңбегі болмағанда, бүгінде бейбіт, өркендеуші, көркеюші Қазақстан да болмас еді. Сондықтан, өскелең ұрпақ батыр бабаларымыздың өшпес ерлігін ұмытпауы тиіс!»,– деді Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Бағила Бисембаева.

Ардагерлерге арнап мектеп оқушылары мерекелік концерт қойды. Жеткіншектермен бірге қариялар соғыс әуендерін шырқап, сұрапыл  соғыс күндерінен сыр шертетін сахналық қойылымды тамашалады. Кеш соңында, жиынның басты әуені «Жеңіс күні» әнін қариялар жастармен бірге шырқады.

«Мен соғыстың алғашқы жылдарында дүниеге келдім. Бірақ өзім жас болсам да, ересектерден Ұлы Отан соғысының «сұмдықтары» туралы көп еститінмін. Соғыстан кейінгі жылдары елді қайтадан аяқтан тік тұрғызу үшін, қанша мыңдаған адам еңбек етті. Алайда, біз бәріне шыдадық. Қиындықтың барлығы артта қалды. Мұның бәрі ел бірлігінің арқасында деп білемін. Біздің басты мақсатымыз – өскелең ұрпаққа соғыста мерт болған ата-әжелеріміздің, тыл ардагерлерінің ерлігін, еңбегін ұмытқызбау, оларды бірлікке шақыру. Біздің Қазақстанда бәрі бар. Рухымыз бен бірлігіміз бекем болса, біз еш жеңілмейміз»,– деп тебіренді ардагер Светлана Ларина.

Кездесуге келген әр ардагерге Іскер әйелдер кеңесі атынан гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табысталды. Қариялар өз кезегінде ұйымдастырушылар мен жастарға алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берді.

«Біздің отбасымызда 9 мамыр ерекше күн, себебі, менің әкем Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер. Әкеміздің қайтқанына 10 жылдай уақыт өтсе де, анамыз әкеміздің барлық суреттері мен ордендерін, медальдарын сақтап келеді. Ұлы Отан соғысында анамның атасы да хабарсыз жоғалған жауынгерлер қатарында болды. Мейірімді әрі жоғалған сарбаздарды іздеп жүрген жандардың арқасында, атамның шамамен Смоленск маңында қаза тапқанын білдік. Алайда, оның бейітінің нақты қайда екенін өкінішке орай, әлі біле алмай келеміз. Анам осы күнге дейін, әкесінің бейітіне барып, Құран бағыштауды армандайды»,– деп Бағила Бисембаева ардагерлерге өз жанұясының сырларынан әңгімелеп берді.

Салтанатты рәсімнен кейін, ардагерлер мектеп-гимназиясы жанындағы Даңқ мұражайын аралап, мерекелік дастарханнан дәм татты.

 


Еншілес ұйымдар

Серіктестер