«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Санитарлық кітапша міндетті түрде қажет!

2016 жылғы 14 Сәуір
- Астана қаласы
16416 просмотров

Бухгалтерлер мен техникалық қызметшілерді қоса есептегенде, қоғамдық тамақтандыру нысандары мен тамақ өнеркәсібінде жұмыс істейтін жұмысшылардың барлығы міндетті медициналық тексеруден өтулері тиіс

Бұл туралы Астана қ. Кәсіпкерлер палатасында өткен Кәсіпкерлік сағатында Астана қ. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау департаментінің бас маманы Гүлбану Есдәулетова мәлімдеді.

Елордалық бизнесмендерге санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы нормативтік-құқықтық актілерге енгізілген негізгі өзгертулер мен толықтыруларды түсіндіре отырып, ол енді міндетті медициналық тексеруден өту қоғамдық тамақтандыру нысандары мен тамақ өнеркәсібінде жұмыс істейтін бірінші басшыдан бастап, жұмысшылардың барлығына міндеттелгендігін атап өтті. Медициналық тексеруден бұрынғыдай жылына бір рет емес, алты айда бір рет өтіп тұрулары қажет екен. Тексерілу түрлері де көбейтілген, енді залалды стафилококтың бар-жоғын анықтау үшін де тексеруден өту міндеттеліпті.

«Әр қызметшінің соңғы медициналық тексеруден өту мерзімін тіркеп отыратын арнайы журнал бастауды ұсынамын әрі заңбұзушылыққа жол берілмеуі тиіс», – дейді Гүлбану Есдәулетова.

Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес, жоғары эпидемиологиялық нысандарда жоспарлы бақылау жылына 2 рет жүргізілетін болса, орташа эпидемиологиялық нысандарда жылына 1 рет.

«Эпидемиологиялық жағынан онша қауіпті емес нысандар жеке және заңды тұлғалардың өтінішімен тексеріледі. Тексерудің бұл түрі жоспардан тыс саналады, шағым түскен жағдайда, тексеру туралы сізге бір тәулік бұрын ескертеді, тексеру кезінде департамент қызметкерлері сізді тіркелген тексеру тағайындау туралы актімен таныстырады. Қалалық инфекциялық ауруханадан нысанмен байланысты сырқат фактісі көрсетілген шұғыл хабарлама түскен жағдайда, ескертпе талап етілмейді, тексеру тағайындау туралы акті шығу кезінде немесе тексеру басталған сәттен бастап келесі күні (егер тексеру жұма күні жүргізілген болса, тексеру тағайындау туралы акті дүйсенбі күні тіркелуі мүмкін) ұсынылуы мүмкін», – деп түсіндіріп өтті Гүлбану Есдәулетова.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Ұлттық сараптама орталығы директорының орынбасары Бақытжан Ахметов уәкілетті органдардың тексеру жүргізуінің баламалы түрі – санитарлық-эпидемиологиялық аудит туралы айтып берді.

«Санэпидаудит дегеніміз – санитарлық-эпидемиологиялық тәуекелді объективті бағалау және эпидемиялық мәні бар нысандарды осы саладағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарына сәйкестендіру бойынша ұсынымдар әзірлеу. Бұл сіздің кәсіпорыныңызды санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікпен қамтудың ықпалды құралы әрі уәкілетті органдардың нысанды тексеруіне балама. Аудит мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауға жататын нысан иесінің өтініші бойынша жүргізіледі, ал оның нәтижелері жөніндегі оң қорытындылар эпидемиологиялық мәні бар нысандарды тексеруден босатуға негіз болады», – деді Бақытжан Ахметов.

Ол сондай-ақ, кажет болған жағдайда, лабораториялық зерттеулер жүргізілуі мүмкін екенін айтып өтті.

Кәсіпкерлер уәкілетті меморгандардың өкілдерімен тікелей пікір алмасып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік беретін Кәсіпкерлік сағаты сынды сұхбаттасу алаңының берер пайдасының мол екенін атап өтті.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер