«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Салықтар жайлы бетпе-бет әңгіме

2016 жылғы 19 Ақпан
- Астана қаласы
12036 просмотров

Астаналық салық төлеушілерге ҚР салықтық және кедендік заңнамаларындағы өзгертулер мен толықтырулар жайында түсіндіріп берді

Астаналық Кәсіпкерлер палатасы мен Астана қаласы Мемлекеттік кіріс департаменті салық төлеушілерге арнап Қазақстан Республикасының салықтық және кедендік заңнамаларындағы өзгертулер мен толықтырулар мәселесі бойынша кеңейтілген семинар өткізді.

Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ғани Тасмағанбетов жаңа жылдан бастап, салықтық және кедендік заңнамаларға енгізілген өзгертулер мен толықтырулармен қатар, Кәсіпкерлік кодексі қолданысқа енгенін атап айтты.

«Кәсіпкерлік кодекстің басты мақсаты – кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік реттеу саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді бір жүйеге келтіру, кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы саласындағы заңнаманы дамыту және жетілдіру. Кодексте кәсіпкерлікті қолдау шаралары, кәсіпкерлік қатынастарды құқықтық реттеудегі қайшылықтар мен кемшіліктерді жою, сондай-ақ, Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік құқықтарды қамтамасыз ететін құқықтық, экономикалық, әлеуметтік шарттар мен кепілдіктерді жүйелендіру көзделген», – деп түсіндірді  Ғ.Тасмағанбетов.

Ол кәсіпкерлік кодексі арқылы мемлекеттік функцияларды дұрыс орындамайтын, соның салдарынан кәсіпкерлер мен азаматтарды елеулі шығындарға ұшырататын мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының жауапкершілігі бекітілгенін атап көрсетті (яғни, құқыққа қайшы шешімдер қабылдайтын шенеуніктерге қатысты).

«Көрсетілген нормалар кәсіпкерлерге мемлекетттік органдар мен ұйымдардың іс-әрекеті салдарынан даулы мәселелер туындаған жағдайда  өздерінің құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп сенім білдірді Ғани Тасмағанбетов.

Астана қаласы Мемлекеттік кіріс департаментінің басшысы міндетін атқарушы Алмат Иманғожин қатысушыларды департаменттің 2016 жылғы жұмыс нәтижелерімен таныстырды.

Ол, сондай-ақ, салық салу және кедендік әкімшілік мәселелері жөніндегі өзгерістер бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамды орындауға, салық салу және кедендік әкімшілік жүйесін жетілдіруге, қолайлы кәсіпкерлік орта құруға бағытталған деп атап өтті.

«Қазір бизнес-ортаны жақсарту бойынша орасан зор жұмыстар жүргізіліп жатыр. Олардың ең бастысы – электронды сервисті кеңейту, салықтар мен төлемақылар есебін жүргізуді оңтайландыру, бюджеттік жіктеме кодының  санын қысқарту, онлайн бақылау-кассалық машиналарды қолдану», – деді Алмат Иманғожин.

Семинар барысында салық төлеушілер өздерін толғандырған сұрақтарға жан-жақты жауап алды. Олардың пікірінше, осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу – мемлекеттік кіріс органдарының қызметкерлерінен кеңес алудың керемет тәсілі.

Аталған іс-шараға астаналық 700-дей салық төлеуші қатысты.


Еншілес ұйымдар

Серіктестер