«Атамекен» Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы
Бизнестің сенімді серіктесі

Қаз

Кәсіпкерлер ҰКП басшылығына түйткілдерін жайып салды

2015 жылғы 07 Сәуір
- Астана қаласы
11249 просмотров

Астана қаласы кәсіпкерлерінің «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен конференциясында елордалық бизнесмендер Ұлттық палата басшылығына өз қызметтеріне байланысты түйткілдерін тікелей айту, оларды шешуде қолдау мен көмек сұрау мүмкіндігіне ие болды.

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов атап өткендей, конференция өткізгенге дейін кәсіпкерлер шамамен 20-30 сауал қойып, олардың жартысына жауап берілген. Ұлттық палатаға тағы да 50 сауал келіп түсті, оның үстіне, ҰКП Басқарма басшысы сөзіне сүйенсек, олар назардан тыс қалмай, кәсіпкерлермен кері байланыс жөнге салынбақшы.

Сонымен, елордалық кәсіпкер Қанат Ибраев екінші деңгейлі банктердің көбінесе өздерінің тұрақты клиенттерін қаржыландыратынын, ал ісін бастаушы бизнесмендердің кепілдіктік мүмкіндіктері мен қаржылық көрсеткіштеріне қарамастан, түрлі кедергілерді қолдан жасай отырып, жобаларын кредиттеуден бас тартатындықтарын айтты. Осыған орай жиһаз жасаушы ЕДБ-да кредитті қарау ережесін жеңілдетуді, ШОБ өндірістік кәсіпорындарына жаңа жұмыс орындарын құру бойынша шығындардың орнын толтыруға, сондай-ақ инновациялық және энергия үнемдеу жабдықтарын сатып алуға кететін шығынды енгізу кезеңінде өтеп беруді ұсынды.

«Таукен-Алтын» ЖШС директоры Мейрамғали Тілеужанов «Атамекен» ҰКП басшылығының құрамында алтын кездесетін шикізатты экспорттауға ренталық салықты енгізу жөніндегі мәселеде жәрдем көрсетуді сұрап отыр. Оның ойынша, бұл шара алтынды республикамыздан тысқары жерге әкетудің алдын алуға мүмкіндік береді. ЖШС басшысы сонымен қатар асыл металдар мен тастар туралы салалық заңға бірқатар түзетулер енгізу қажет деп есептейді. Бұл түзетулер асыл металдардың ішкі өндірісі өсуіне септесетін болады.  

«Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасы Абылай Мырзахметов атап өткендей, ренталық салық енгізу мәселесі даулы мәселе болып табылады, және де қазірде аталмыш түйткіл Ұлттық палатаның Тау-кен және металлургия комитетінде белсенді талқыға түсуде.

Тігін бизнесімен айналысатын «Республикалық әйелдер одағы» ЖШС басқарма төрағасы Ханзада Балтаева мемлекеттік сатып алулар түйткілін қозғады.  Оның айтуынша, мемлекеттік сатып алулар туралы заңда жағымды тұстар көп болғанмен, ШОБ дамуына кедергі келтіретін бірқатар кемшіліктер де бар. Сөйтіп, бизнесвумен құжаттаманы даярлаудағы заңгерлердің құқықтық сауаттылығының төмендігіне, алдын ала төлем мәселесіндегі бірқатар түйіспейтін тұстарға назар аударды. Ханзада Балтаеваның ойынша, тендер жарияланбай тұрып құжатаманы зерттеумен және даярлық барысымен айналысатын мемлекеттік сатып алулардағы бақылаушылардың қатысу тәжірибесін жаңғырту қажет.

Кәсіпкер тағы бір түйткіл – өндіріске келетін жұмысшылар даярлығының әлсіздігі мәселесін көтерді. «Біз, әлеуметтік жауапты кәсіпорын ретінде, жұмыс орындарын құрамыз, алайда көбінесе қажет дағдылары мен білімі жоқ адамдар келеді, олардың қолынан ештеңе келмейді!», - деп мәлімдеді Ханзада Балтаева.

Әйелдер одағы басшысы банктердің ұлттық валютамен кредит беру мәселесін де қарауды сұрады. «Жұмысшыларымызға еңбекақы беру үшін, жеке меншік жылжымайтын мүлкімізді кепілге беріп, кредит аламыз. Бұл жерде мәселе тіпті өндірісті кеңейтуде болып отырған жоқ, өйткені қызметкерлеріміз бен олардың отбасыларының әл-ауқаты үшін де жауаптымыз», - деді ол.

Елордалық «Жирная овечка» мейрамханасының директоры Вера Поветина салық органының әрекетіне шағымданды. Салық қызметкерлері олардың мекемесіне кассалық аппарат режімін тексеру мақсатында келген екен. Оның үстіне мемлекеттік орган ұйғарымында тексерістің жоспарлы-жоспардан тыс екені көрсетілмеген. Кәсіпкер салықшылардың әрекетінің заңдылығын анықтау мақсатында қаладағы аудандық прокуратураға жүгініп, оған жарты сағаттан астам уақыты кетеді. «Осы уақыт ішінде тексеріске жол бермеу актісі жасалып, 90 мың теңге айыппұл салынды», - дейді бизнесвумен.

«Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерге елордалық Палата жанындағы кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі комиссияға жүгінуге кеңес берді. Комиссия аталмыш істің мән-жайын қарайды.

Мейрамхана директоры сонымен қатар салық органы порталына кіру мүмкін еместігін, осының салдарынан электронды формада есеп бере алмай отырғанын жеткізді.

Елордалық мемлекеттік табыс департаменті басшысы түсіндіріп кеткендей, есептіліктің электронды формасын беру жарты ай бойында жүзеге асырылады, алайда кәсіпкерлердің барлығы есепті айдың соңғы күндері беретін болғандықтан, техникалық іркіліс орын алуы мүмкін.

«Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша бизнес өкілдерінің 95 пайызы есепті электронды формада тапсырады», - деп сендірді елорданың басты салықшысы.

Ол сонымен қатар тексеріс жайлы кәсіпкердің салық органы қызметкерлері әрекетіне шағына алатынын айта кетті. Қазыналық орган басшысының айтуынша, жоспардан тыс тексерістер Мемлекеттік табыс комитеті тізіміне сәйкес іске асырылады, және де жуықта қандай да бір тексерістер жүргізу жоспарда жоқ.

Конференцияда сонымен қатар жер телімін беру, көлік қоятын жер бөлу, сыртқы жарнама орналастыру және т.б. мәселелер сөз болды.

Қарлығаш Жүсіпбекова


Еншілес ұйымдар

Серіктестер